Әлем чемпионаты Неймарсыз жалғасады
Кездесудің аяқталар сәтіне жақын қалғанда Колумбия құрамасының қорғаушысы Хуан Камило Суньига бразилиялық шабуылшыға қарсы өрескел ойын ережесін бұзды. Нәтижесінде Неймар дәрігерлер көмегі арқылы алаңды босатқан-ды. Соңынан белгілі болғандай, футболшының бел омыртқасынан жарақат алғаны мәлім болды. Кей ақпарат көздері 8 бен 10 апта көлемінде алаңға орала алмайды деп жазса, кей басылымдар шабуылшыны бір маусымды өткізуі мүмкін деп те хабарлауда. Ал өз кезегінде жарақатқа себепші болған колумбиялық қорғаушы Неймарды жарақттау үшін емес, елі үшін ойнағанын жеткізді. Сонымен қатар, бразилиялық сұрмергеннің тезірек сауығып кетуін де тілейтінін мәлімдеді. ФИФА тәртіптік-бақылау комитеті қауіпті қимыл жасаған Суньигаға жаза қабылдауы да мүмкін. Тағы бір айта кететіні, бас қазы қызметін атқарған испандық Карлос Веласко Карбальо атына сындар айтылуда. Енді бұл төреші де «мундиальдың» кезекті ойындарына қазылық жасауы екіталай.
Естеріңізге сала кетсек, Бразилия құрамасы Колумбияны 2:1 есебімен жеңген болатын. Енді жартылай финалда Йохам Лев жаттықтыратын Германия құрамасымен кездеседі.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com