"Әлем барысының" жеребесі тартылды
Кеше балуандар салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Бүгін жеребе қорытындысы белгілі болды. Айбек Нұғымаров (141 келі), Дәурен Нұралинов (133 келі) және Айбат Сейтен (115 келі) жарысты екінші кезеңнен бастайды. Ал биылғы "Қазақстан барысы" Еламан Ерғалиев бірінші кездесуінде камерундық Долассем Диодонмен белдеседі. Ал Ержан Шынкеевке бірінші айналымда ирандық Моазами Фар-Вахид қарсылас атанды.
Павлодарда өткен бірінші "Әлем барысында" жеңімпаз атанған кубалық Оскар Рене Видал Брайсон биыл қатыспайды. Шәкірті Фуэрто Еместоны ерте келген.
Әлем барысындағы салмағы ең ауыр балуан жаңазеландиялық – Чико Реремоана Пембертон. Оның салмағы - 175 келі. Ресейлік Рустем Арсланов (159 келі) пен аргентиналық Лучиано Дель Рио (146 келі) да жарыстағы апайтөс балуандардың қатарында.
Еске сала кетейік, «Әлем барысы» 8 қыркүйек күні Астанадағы "Барыс Арена" спорт кешенінде өтеді. Тікелей эфирде "Qazaqstan" және "Qazsport", түріктің "TRT Avaz", Ресейдің "Матч! Планета" және "Бокс ТВ" арналары көрсететін болады.
Биылғы "Әлем барысының" жүлде қоры – 30 миллион теңге. Жеңімпаз атанған балуан тең жартысын иеленеді. Екінші орын алған балуан — 5 миллион, үшінші орын алған балуан 3 миллион сыйақы алады. Сондай-ақ жүлдегерлер алтын, күміс және қола белбеулермен марапатталады.