Алексей Ни: «Варшаваға тек алтын үшін барамыз!»

Ардақ Құлтай Корреспондент

– Алексей Геннадьевич, Азия біріншілігіне дайындықтарыңыз қалай өтуде?

– Дайындықтарымыз ойдағыдай өтуде. Алматыдағы Республикалық Спорт колледжінде дайындалып жатырмыз. Ұлттық құрама сапында 30-дан астам спортшы жігіттер мен қыздар бар. Сонымен қатар, біз бұл оқу-жаттығу жиындарына 60 шақты жасөспірімдерді де шақырттық. Алматы қаласында тағы 2 айдай жаттығып, сосын Астанада жиындарды жалғастыратын боламыз.

– 20-26 маусым аралығында елімізде алғашқы рет ауыр атлетикадан Азия біріншілігі өткелі жатыр. Астанадағы бұл додаға еліміздің бірінші нөмірлі спортшылары қатыса ма, әлде өзгерістер енгізесіз бе?

– Азия біріншілігінің алдында біз Астанада Қазақстан чемпионатын өткіземіз. Іріктеуді де сол кезде жасаймыз. Ел біріншілігінде Олимпиада ойындарында алтын алған төрт спортшыдан басқаларының барлығы толығымен қатысады. Содан кейін Азия чемпионатына қатысамыз. Одан екі апта өткен соң Қазан қаласында өтетін жазғы Универсиадаға жол тартамыз. Өзіңіз көріп тұрғандай жарыстардың арасы тым жақын. Сондықтан біз Азия чемпионаты мен Қазандағы Универсиадаға екі құраммен қатысып қалуымыз мүмкін. Бұл жарыстар аяқталған соң тағы да Алматыда жиналып, қазан айында Варшавада өтетін Әлем чемпионатына дайындықты бастаймыз.

–  Лондонда топ жарған Ұлттық құраманың ешқандай зілтеміршісі бүгінде үлкен спортпен қоштасқан жоқ па?

– Жоқ. Бәрі де құраманың қатарында. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда Азияның жазғы ойындары өтеді. Сол жарыстан соң кім қалады, кім спорттан кететіні анықталып та қалатын шығар.

– Жалпы жылдық жарыстардың кестесіне қарап отырсақ биыл көптеген турнирлер бар екен. Сіз бапкер ретінде Ұлттық құраманың алдына 2013 жылға қандай мақсаттар қойдыңыз?

– Біріншіден барлық жарыстарда сәтті өнер көрсету. Ал Варшавада Әлем чемпионатында қоржынымызға алтынды көбірек салу. Негізінен біз биыл жастарды көбірек қарастырып жатырмыз. Көптеген жарыстарға жастарды алып барып, олардың шын мәнінде неге жарайтынын анықтаймыз. Жалпы мақсатымыз, қоржынымызды алтынға толтыру!

 – Сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: kazpravda.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама