Алексей Ни: «Олимпиадаға қатысқан зілтеміршілер әлі демалуда»
— Жаңа маусымға қандай көңіл-күймен келдіңіздер?
— Жаңа маусымға тамаша көңіл-күймен келдік десек те болады. Біз Лондонда бұрын Қазақстан тарихында болмаған жетістіктерге жетіп, айды аспаннан бір-ақ шығардық.
— Жаңа маусымға дайындықты қашаннан бастадыңыздар?
— Маусымды біз қаңтар айының ортасынан бастадық. Бүгінде Алматыда дайындалып жатырмыз. Оқу-жаттығу жиындары сәуір айының 23-іне дейін жалғасатын болады. Содан соң Азия біріншілігіне қатысатын боламыз.
— Қазір құрама сапында қандай ауыр атлеттер дайындық өткізуде?
— Құрама сапында бүгінде тек жастар ғана дайындалып жатыр. Олимпиадада атой салған жігіттер мен қыздар әлі де демалып жатыр.
— Олимпиада жүлдегерлері тым ұзақ демалып жатқан жоқ па?
— Олар бұл демалысқа лайықты. Азия чемпионаты өткен соң жаттығуға кірісетін болады. Қазірде біз басты назарымызды жастарға бөліп отырмыз.
— Сонда бапкерлер қосыны жас ауыр атлеттерді Қызылордада өткен ел біріншілігінде сынақтан өткізіп үлгермеді ме?
— Ішкі біріншілік пен халықаралық жарыстың айырмашылығы жер мен көктей! Жастардың шынайы мүмкіндігін біз тек халықаралық жарыстарда ғана көре аламыз.
— Еліміз алғашқы рет қабылдайтын Азия біріншілігіне ерекше дайындалып жатқан шығарсыздар?
— Әрине! Өз жерімізде жанкүйерлерді қуантқымыз келеді. Сол үшін де қызу дайындық өткізудеміз. Сонымен қатар биыл Қазан қаласында жазғы Универсиада өтетін болады. Біз ол жарысты да назарымыздан тыс қалдырған жоқпыз. Ал қазан айында Әлем чемпионаты өтетін болады. Міне, осы жарыстардың барлығына дерлік спортшыларды баптайтын боламыз.
— Үлкен жарыстарда топ жару үшін алдымен спортшылардың жағдайын жасау керек. Біздің ауыр атлеттердің жеке жаттығу базасының құрылысы қалай өтуде?
— Бұл мәселе шешімін тапты. Қазірде базаның құрылысы басталып кетті. Барлық жұмыстары біткен соң, сіздерді шақырып, ресми түрде ашылу салтанатын өткізетін боламыз.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Уалихан Қосанбай
Сурет: prosportkz.kz, sports.kz