Александр Зайчиков Ильиннің орнын жоқтатқан жоқ (видео)

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Фото ©️ vk.com

105 келіге дейінгі салмақта чемпиондық атақ екінші жыл қатарынан қазақстандық спортшыларға бұйырып отыр. Өткен жылы Алматыда өткен додада Илья Ильин топ жарған болатын.

Александр Зайчиков жұлқа көтеру жаттығуын 185 келіден бастап, зілтемірді ырқына бағындыра білді. Екінші мүмкіндігінде 191 келіні көтере алмағанмен, үшінші кезегінде ойдағыдай орындап шықты. Алайда отандасымыздан 1 келі жоғары көтерген өзбекстандық Иван Ефремов кіші алтын медальға ие болды.

Бірінші жаттығудан кейін бірінші тұрған өзбекстандық спортшы серпе көтеруде әлсіз екенін танытты. Ол үш мүмкіндігінің қорытындысы бойынша 204 келімен шектелді. Ал екінші жаттығуын 225 келіден бастаған Александр Зайчиков өз мақсатын орындады. Екінші мүмкіндігінде 230 келі тартатын зілтемірді ырқына бағындыра білді. Ал алтын жүлдеге соңғы сәтке дейін таласқан ресейлік Давид Веджанян Илья Ильин рекордын қайталауға тырысып бақты. Алайда серпе көтеруде сәтті өнер көрсететін спортшыға 242 келіні көтеру мүмкін болмады. Нәтижесінде қазақстандық Александр Зайчиков жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның Әнұранын Хьюстонда екінші рет шырқатты.

Айта кетейік, осыған дейін Хьюстонда өтіп жатқан әлем чемпионатында Ниджат Рахимов чемпион атанса, Алмас Өтешов пен Жазира Жаппарқұл күміс алған-ды. Қоржындағы бір қола Жасұлан Қыдырбаевтың еншісінде. Дүбірлі дода 29 қараша күні мәресіне жетеді. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама