Александр Меркель ұлттық құрама сапында тағы жоқ болып шықты
Швейцарияның «Грассхоппер» клубында өнер көрсететін ойыншы жыл басында Қазақстан құрамасы сапында ойнау үшін келісімшартқа қол қойған болатын. Ұлттық құраманың наурыз айындағы Исландияға қарсы ойынына қатысады деп күтілген-ді. Кейіннен түрлі себептермен ойынға келмейтіні белгілі болды. Қазақстандық жанкүйерлер жартылай қорғаушыны Түркияға қарсы ойында көреміз бе деп күткен еді. Бірақ бұл ойынға да қатыспайтын болып шықты. Ал Германиядан келген Гейнрих Шмидгаль мен Константин Энгель ойынға дайындықтарын бастап кетті.
Айта кетейік, осыған дейін Юрий Красножан шәкірттері қатарынан Танат Нөсербаев, Бауыржан Жолшиев пен Илья Воротников жарақаттарына байланысты түріктерге қарсы ойнай алмайтыны белгілі болған еді. Алматының орталық стадионында өтетін кездесу ертең Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.