«Ақтөбе» неміс бундеслигасында ойнаған футболшымен толықты
Чиприан Дяк спорттық мансабын «Глория ІІ» командасында бастаған. Кейіннен «ЧФР», «Униря», «Оцелул», «Шальке-04» (Германия) және «Рапид Бухарест» клубтарында ойнаған. Соңғы рет футболшы «ЧФР» клубында өнер көрсеткен. Команда мен футболшы үшжылдық келісімшартқа қол қойған. Үш жыл көлемінде футболшы 1,5 миллион доллар көлемінде жалақы алатын болады. Трансфер құны 1 миллион евроны құрайтын ойыншы ел премьер-лигасындағы ең қымбат ойыншылардың ондығына енді.
29 жастағы жартылай қорғаушы клуб сапындағы алғашқы жаттығуларына қатысып та үлгерді. Ол осы уақытқа дейін екі рет Румыния чемпионы, үш рет кубогын жеңіп алған. Ал «Шалькемен» бундеслигада екі ойынға қатысса, Чемпиондар лигасында үш кездесуде өнер көрсеткен. Ал Румыния құрамасы сапында он ойын өткізген.
Айта кетейік, еліміздің футбол клубтары 7 шілдеге дейін қатарларын жаңа ойыншылармен толықтыра алады. Сонымен қатар, ойыншыларын өзге клубтарға сату мен жалға беруге мүмкіндіктері бар.