Ақтауда төрешілерді ұрған жаттықтырушы қатаң жазаланды

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ 1bol.kz

Даулы оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тараған еді. Онда Ерік Маржықпаевтың жарыстың бас төрешісі Бақытжан Бекпенбетовті ұрған сәті анық көрінеді. Сондай-ақ оны тоқтатуға тырысқан Ғани Ысқақовқа да сес көрсеткен. 

Оқиға жаттықтырушының нәтижеге көңілі толмағаннан басталған. Ақмола облысының спортшысы Дамир Ибрагимов пен Астана қаласының спортшысы Кенесарыәмір Маржықпаев кездескен. Жекпе-жек Ибрагимовтің пайдасына 4:1 есебімен аяқталған. Нәтиже жарияланған соң Астана қаласының жаттықтырушысы (К.Маржықпаевтың әкесі) Ерік Маржықпаев төрешілер шешіміне қарсылық білдіріп, дауыс көтеріп, кейін текетірес орын алып, ол төрешілерге физикалық күш көрсетті.

Боксшылар әулетінің өкілі болып табылатын Ерік Маржықпаев көп ұзамай басқа мамандардан кешірім сұрады. Осыған орай Қазақстан бокс федерациясы Маржықпаев Е. мәселесі бойынша Атқарушы комитеттің отырысын өткізіп, ҚР спорттық этикасының бұзылу мәселесін қарастырды.

Отырыс нәтижесінде келесі шешім қабылданды: Маржықпаев Е. бапкерлерді, төрешілерді, жарыс ұйымдастырушыларын құрметтемегені үшін және ҚР спорттық этикасын бұзғаны үшін бокстан жергілікті, республикалық және халықаралық жарыстардан 2 жылға шеттетілді, - деп хабарлады ҚБФ.

Айта кетейік, Ерік Маржықпаев бұрынғы спорт министрі болған Ермек Маржықпаевтың туған ағасы.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама