Ақжүрек Таңатаров Германиядағы Гран-приде топ жарды
Жарыстың чемпиондары болып үш бірдей қазақстандық палуан атанды. Сонымен оларды таныстыра кетейік. 60 келіге дейінгі салмақта Дәулет Ниязымбеков қарсылас шақ келтірмей, Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды салды. Финалдық белдесуге дейін ол кілем қожайыны Тим Шляйзер мен Монғолия өкілі Дамдинбазар Тцогбаатарды жеңді. Ал шешуші кездесуде Ниязымбеков украиндық Микола Болотнюкті еш мүмкіндік бермей ұтып, Гран-при чемпионы атанды.
74 келіге дейінгі салмақта жарысқа түскен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров өз салмағында фаворит ретінде өнер көрсеткен болатын. Алайда ол Ниязымбековке қарағанда бір белдесуді кем өткізді. Бір қызығы, Ақжүректің екі қарсыласы да біздің жерлестеріміз болды. Олар Цотне Барамидзе және Жігер Закиров. Соңғы аталған палуанды ол жартылай финалда сүріндірді. Ал финалдық белдесуде Ақжүрек Германия өкілі Андрея Щукуды жерге қаратып кетті. Бұл салмақтағы екі бірдей қола медаль да жерлестеріміз Жігер Закиров пен Нұрлан Бекжановқа бұйырды.
Ал еліміздің қоржынына түскен соңғы алтын алқаны аса ауыр салмақта (120 келіге дейін) Дәулет Шабанбай сыйлады. Сондай-ақ Қазақстан құрамасы қатарынан жалғыз күміс Аслан Кахидзеге (84 келіге дейін) бұйырды. Одан басқа Дамир Төлеукенов (60 келіге дейін), Дмитрий Попов пен Асхат Кусеповтар (екеуі де 120 келіге дейін) қола медаль олжалады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vesti.kz