WBO чемпионы Бейбіт Шүменовке қарсы кездесуден бас тартты

Болат Қосмағамбет Корреспондент

Жақында ғана Бейбітпен кездесуі мүмкін WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы ұлыбританиялық Натан Клеверли кездесуден бас тартты. Осыған байланысты қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов былай деп мәлімдеме жасады: "Мен Клеверлимен ол менің атымды сұхбаттарында жиі айтатын болғандықтан, рингте кездесуді ұйғардым. Олардың өздері Клеверли менімен шаршы алаңға шыққысы келеді деп айтты. Сол кезде біз де олармен байланыс орнатуға тырыстық. Бірақ олар Бернанд Хопкинспен болатын кездесуге дайындалып жатқанын айтқан еді. Кейін біз қайтадан хабарластық. Алайда Хопкинс Тэворис Клаудпен жұдырықтасатын болып шешіпті. Сол кезден бастап Клеверли командасымен жоғалып кетті. Хабарласа алмадық. Алайда болашақта егер олар кездесуге келісім беріп жатса, ол мен үшін қуанышты хабар болатыны анық". 

Сондай-ақ Шүменовке қарсы кездесуден өткен аптада Адонис Стивенсоннан нокаут алып қалған американдық Чед Доусон да бас тартыпты: "Доусон Стивенсонмен кездеспей тұрып біз оның промоутері Гэри Шоумен байланыстық. Алайда біздің ұсыныс оны аса қызықтыра қойған жоқ. Бірақ оны құлатқан Стивенсонмен мен де шаршы алаңға шығуға қарсы болмас едім",-дейді чемпион.  

Естеріңізге салсақ, Шүменов соңғы кездесуін 2012 жылдың 2 маусымында мексикандық Энрике Орнеласқа қарсы өткізген болатын. Ол кездесуде жерлесіміз ұпай санымен жеңіске жетіп, чемпиондық атағын қорғап қалды. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: alaman.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама