Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBA) бірінші орта салмақтағы америкалық боксшы Джон Вераның қазақ кәсіпқой боксшысы Қанат Исламмен жекпе-жек өткізуге міндеттеді. Бұл жайында BoxingScene.com сайты хабарлады. WBA кеңесінің өкілдері екі боксшыға ресми хатты 21 қазан күні жіберген. Енді екі тарап өкілдерінде жекпе-жекті ұйымдастыруға 30 күн бар. Келісімге келе алмаған жағдайда кездесуді өткізу құқығы бәссаудаға қойылады. Бұл кездесуде жеңіске жеткен боксшыWBA белбеуінің иегері кубалықЭрисланди Лараның (25-2-2, 14 КО) бірінші кезектегі міндетті қарсыласы болады. Қазіргі таңда Қанат ИсламWBA рейтингінде бірінші орында келеді. Ол өзінің соңғы кездесуін 9 қыркүйек күні Астана қаласында өткізіп, канадалық Брэндон Куктан айласын асырып,WBO NABO және WBA Inter-Continental белбеулерін қорғап қалды. Джон Вера болса бұл рейтингте екінші орында тұр. Соңғы кездесуін ол 2017 жылдың 29 қыркүйегінде өткізіп, Сандэй Алжувуды жеңген. Олай болса америкалық боксшы жайлы аз-кем ақпарат бере кетейік. Джон Вера бокспен 11 жасынан бастап шұғылданған. Әуесқой бокста ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жетпеген. Боксшының айтуынша, жас кезінде ол тіпті ақша табу үшін боксты тастап, басқа тірлікпен шұғылданғысы да келген. Дегенмен кейіннен ол өмірін бокспен байланыстыратын болып шешеді. Абырой мен атаққа қол жеткізгенге дейін Джон бәрібір де бокс пен қосалқы жұмысты қатар алып жүрген. Ол Техас штатындағы қарапайым залдардың бірінде жаттығу жасап жүріп, қосымша табыс көзін де тастамаған. Өйткені, ол пәтерінің ақшасын және қосымша шығындарын жабуы керек болатын. Джон кәсіпқой боксқа 23 жасында ауысқан. Оның командаластарының айтуынша, ол дер кезінде бұл жолды таңдаған көрінеді.. Дәл осы шағында ол барлық мүмкіндіктерін толығымен көрсете бастаған. Феномен (Джон Вераның лақап аты) Техас штатының Форт Уэрт қаласында дүниеге келген. Барлық ғұмырын Америкада өткізген және табыстарының барлығын отандастарымен байланыстырады. Мені қаламның тұрғындары жетістіктеріммен мақтан тұтса деймін, - дейді сұхбаттарының бірінде Вера. Оның әкесінің туыстары пуэорторикалықшықса, анасы-мексикалық. Джон Вера отбасының кіші ұлы. Оның ағалары мен әпкелері бар. Әу баста оның анасы бокспен шұғылдануға түбегейлі қарсы болған. Бірақ оның анасы кәсіпқой бокстағы әрбір кездесуін қалдырмай көріп келеді. Қазіргі таңда ол Вераның командасының қатарында. Анаммен күн сайын сөйлесіп отырамын. Қазір ол менің командамның бір бөлігі. Ол менің жекпе-жек алдындағы тамақтарымды дайындайды. Менің жеке диетологым. Бұрындары ол боксты мүлде ұнатпайтын болса, қазір ол аренадағы ең қатты айқайлап отыратын адамдардың біріне айналды. Үнемі айқайлап, мені қолдап отырады, - дейді Вера анасы туралы. Джон Вераның мансабындағы ең маңызды кездесулердің бірі қазақ боксымен байланысты. 2015 жылы ол тағы бір отандасымыз Радмир Ахмедиевпен кездесті. Ол жекпе-жекте америкалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл жеңіс Джонға кіші Рой Джонстың командасымен келісімшарт жасауға мүмкіндік берді. Рой Джонспен келісімшарт жасағаннан кейін ол өзіне жаңа белестерді ашты. Ол жеңіс менің мансабымды керемет өзгертіп жіберді. Ахмедиевті жаңа Геннадий Головкин деп жүрді жұртшылық. Ол жігіттен көп үміт күтті. Бірақ мен ол кездесуде керемет соққы жасай алдым. Осы жеңістен кейін мен үшін жаңа белестер ашылды, - дейді америкалық боксшы. Джон Вераның алдағы жоспарларының ішіндегі ең маңыздысы - бірінші орта салмақтағы чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек. Бұл межеге жеткеннен кейін ол салмағын ауыстыруға ниетті. Бүгінде Джон ВераWBA-NABA USA белбеуінің иегері. Солақай боксшы. Өте мығым. Ірі денелі. Сонымен қатар мамандар қарсыластың мүмкіндігін керемет бақылай алатын боксшы деп бағамдайды.WBA рейтингінде екінші орында тұр. Кәсіпқой бокста 18 кездесу өткізген. Оның барлығында жеңіске жеткен. 11 кездесуде қарсыластарын нокаутқа түсірген. Вера Қанат Исламмен өткізетін кездесуі туралы өз ойымен де бөлісіп үлгерді. Шамасы менWBA чемпионының міндетті қарсыласы болуы үшін Қанат Исламмен кездесу өткізетін сияқтымын. Мен бұл үшін көп еңбектендім, - деп жазды ВераInstagram парашасында.