UFC Шавкат Рахмоновқа жаңа қарсылас тапты

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Фото ©️ ufcbet.ru

Шавкат бастапқыда бразилиялық Элизеу Залескимен жекпе-жекке шығуы керек болған. Алайда қарсыласы жарақат алып, кездесуден бас тартқан еді. Ал оған дейін әртүрлі себептермен отандасымыз алғашқы жекпе-жегін өткізе алмай келген-ді. Бірде коронавирус пандемиясы кедергі болса, бірде қарсыласы жарақат алып қалып жатты.

Қазақстандық спортшының жаңа қарсыласы да осал емес. 32 жастағы Оливейра UFC турнирлеріне 2015 жылдан бері қатысып келеді. Ең кейінгі екі жекпе-жегінде қарсыластарын төрешілер шешімі бойынша ұтып шыққан.

Бразилиялық спортшы ММА спортында 33 кездесу өткізген. 22 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. 8 рет жеңілсе, 1 кездесуі тең аяқталған. Ал 2 жекпе-жегі есепке алынбаған. Ең ірі жеңісінің бірі – қазір уақытша чемпиондық атаққа ие Карлос Кондитті уақытынан бұрын ұтқан.

Шавкат Рахмонов пен Алекс Оливейра 24 қазан күні жекпе-жекке шығады. Ал ол күнгі турнирдің басты кардында ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Джастин Гэйджи кездесетін болады.

Айта кетейік, қазақстандық спортшы UFC-гі алғашқы жекпе-жегіне шығады.

Ultimate Fighting Championship (UFC)  –  аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарна арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама