UFC 254: Жеңіске жеткен Хабиб спорттағы мансабын аяқтады
Хабиб Нурмагомедов бұл жекпе-жекке жеңіл салмақтағы UFC чемпиондық белбеуін бәске тікті. Хабиб соңғы кездесуін 2019 жылы 7 қыркүйекте UFC 242 турнирінде өткізген. Дастин Порьемен (26-6-1) жекпе-жекке шығып, тұншықтыру әдісін қолдану арқылы жеңіп, чемпиондығын қорғап қалған еді. Бұл жолы да чемпиондығын қорғап, жеңісті сериясын 29-ға дейін жеткізді. Чемпион бұл әдісін UFC-де бірінші рет қолданды.
Ал Гэтжи болса, осыған дейін төрт ай бұрын UFC 249 турнирінде Тони Фергюсонмен (25-4) кездескен еді. Оны бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, уақытша чемпиондық белбеуге қол жеткізген-ді.
Жекпе-жектен кейін Хабиб Нурмагомедов спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
- Ата-анамызды қадірлейік! Менің анам ғана қалды және ол менің жекпе-жекке шыққанымды қаламайды, - деді сөз соңында Нурмагомедов.
Айта кеткен жөн, бұл турнирде қазақстандық Шавкат Рахмонов дебюттік кездесу өткізіп, қарсыласы Алекс Оливейраны (28-8-1-2) жеңген болатын. Сондай-ақ осы турнирде тағы бір қазақстандық өнер көрсетуі тиіс еді. Бірақ қарсыласы Омар Нурмагомедов (12-0) ауруханаға түсіп, Сергей Морозовқа (16-4) жаңа қарсылас табылмай қалды.