UFC 254: Жеңіске жеткен Хабиб спорттағы мансабын аяқтады

Қымбат Слямбек Корреспондент
Қымбат Слямбек>
UFC 254: Жеңіске жеткен Хабиб спорттағы мансабын аяқтады
Фото ©️ yandex.kz

Абу-Дабиде өткен UFC 254 турнирінде ресейлік спортшы Хабиб Нурмагомедов (28-0) америкалық файтер Джастин Гэтжимен (22-2) кездесіп, екінші раундта жеңді. Хабиб бұл жолы қарсыласына ұшбұрыш, басқалай айтқанда, тұншықтыру әдісін қолданды. Жекпе-жек соңынан спорттағы мансабын аяқтайтынын ашып айтты.

БӨЛІСУ

Хабиб Нурмагомедов бұл жекпе-жекке жеңіл салмақтағы UFC чемпиондық белбеуін бәске тікті. Хабиб соңғы кездесуін 2019 жылы 7 қыркүйекте UFC 242 турнирінде өткізген. Дастин Порьемен (26-6-1) жекпе-жекке шығып, тұншықтыру әдісін қолдану арқылы жеңіп, чемпиондығын қорғап қалған еді. Бұл жолы да чемпиондығын қорғап, жеңісті сериясын 29-ға дейін жеткізді. Чемпион бұл әдісін UFC-де бірінші рет қолданды. 

Ал Гэтжи болса, осыған дейін төрт ай бұрын UFC 249 турнирінде Тони Фергюсонмен (25-4) кездескен еді. Оны бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіп, уақытша чемпиондық белбеуге қол жеткізген-ді.

Жекпе-жектен кейін Хабиб Нурмагомедов спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.

- Ата-анамызды қадірлейік! Менің анам ғана қалды және ол менің жекпе-жекке шыққанымды қаламайды, - деді сөз соңында Нурмагомедов.

Айта кеткен жөн, бұл турнирде қазақстандық Шавкат Рахмонов дебюттік кездесу өткізіп, қарсыласы Алекс Оливейраны (28-8-1-2) жеңген болатын. Сондай-ақ осы турнирде тағы бір қазақстандық өнер көрсетуі тиіс еді. Бірақ қарсыласы Омар Нурмагомедов (12-0) ауруханаға түсіп, Сергей Морозовқа (16-4) жаңа қарсылас табылмай қалды.