PUBG корпорациясы кәсіпқой командаларға өтемақы төлейді
Танымал ойынның әзірлеушілері командалардың жарысқа, жолға кететін шығындарын өтеу үшін өтемақы төлейтін болады. Әзірге нақты сомасы құпия сақталған.
Сондай-ақ, студия Солтүстік Америка және Еуропа лигалары үшін арнайы заттар шығарады. Сатылымнан түсетін қаржының төрттен бір бөлігі командалардың шоттарына аударылады. Бұған қоса, PUBG корпорациясы халықаралық жарыстарға қолдау көрсетуші компаниялармен жүлде қорын көбейту туралы келіссөз жүргізіп жатыр.
Ойынның тарихымен мына сілтеме бойынша таныса аласыз.
Жылдың басты додасы PUBG Global Championship турнирінде арнайы лот сатылымға шығады. Одан түскен пайданың бір мөлшері жүлде қорын құрайды.
PUBG корпорациясы 2019 жылы өтетін жарыстардың күнтізбесін жариялаған болатын. Маусым үш кезеңді аймақтық лигаға бөлінген. Үзіліс кезінде 4 ірі әлемдік жарыс өтеді. Ал маусым соңында үздік шыққандар PUBG Global Championship турнирінде бақ сынайды. PUBG жаһандық чемпионатының жүлде қоры 2 миллион АҚШ долларын құрайды.
Бұған дейін PUBG ойыны бойынша халықаралық жарыстардың бірыңғай ережесі бекітілген еді. Кәсіпқой ойын алаңы 6 аймаққа бөлінген. Әр аймақтың тұрақты лигасы болады. Атап айтқанда: NPL (Солтүстік Америка), PEL(Европа), PKL (Корея), PJS (Жапония), сондай-ақ Қытай мен Тайвань. Ал Латын Америкасы, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Мұхит елдерінің лигалары әзірлену үстінде.