KazSport арнасының тікелей эфирінде: Шүменов vs Хопкинс
«Аталған кездесуді тарату жөніндегі келісім сәтті аяқталды. Вашингтоннан таратылатын трансляция KazSport арнасының тікелей эфирі мен Интернеттегі арнаның ресурсында көрерменге жол тартпақ. Бокс кеші сағат 17:00-де басталады. Бұл кезде Астанада 20 сәуір, сағат 03:00 болады. Яғни айырмашылық тоғыз сағатты құрайды. Біз жоспарланған барлық кездесулерді көрсетпекпіз. Андеркарттан бастап (көрермендер үшін негізгі жекпе-жек алдындағы қыздырыну кездесулері) Шүменов-Хопкинс арасында өтетін кештің басты оқиғасы толығымен қамтылмақ»,-деп мәлімдеді телеарна директоры Диас Ахметшәріп.
Одан бөлек, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы да Бейбіт Шүменов пен Бернард Хопкинс арасындағы чемпиондардың кездесуін көрермендерге 20 сәуір күні сағат 12:00-де қайталау түрінде ұсынады.
Естеріңізге салар болсақ, жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 31 жастағы Бейбіт Шүменов пен IBF белбеуінің иесі, 49 жастағы Бернард Хопкинс арасындағы жекпе-жек 19 сәуір күні АҚШ астанасы Вашингтонда өтеді. Букмекерлік кеңселердің пікірінше, бұл кештің фавориті Бернард Хопникс болып отыр. Дәлірек айтсақ, олар америкалық боксшының жеңісіне 1.46 коэффициент берсе, Шүменовтің жеңісі 3 коэффициентке бағаланды. Ал егер қос боксшы тең түсіп жатса, осы оқиғаға тіккен сомаңыз 30 есе көбейеді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: remarka.kz