IV Алматы марафоны басталды

Нұржігіт Айдархан Корреспондент

Марафон басталар алдында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ бүгінгі күннің ерекше күн екендігін, өйткені жарыстың кезектен тыс Президент сайлауымен қатар өтіп жатқандығын тілге тиек етті. 

«Алматы марафоны» спорттық шарасының басты мақсаты - саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты және қайырымдылықты дамыту. 2013 жылы «Алматы марафоны» – Марафондардың Халықаралық Ассоциациясы мен AIMS мүшелігіне өтіп, Бостон, Амстердам, Нью-Йорк марафондары сияқты белгілі марафондар қатарына қосылған еді.

Марафон 3 шақырым, 10 шақырым, 21 шақырым, эстафеталық «экиден» және 42 шақырым 195 метрлік қашықтықта болып жатыр. Экиден сайысында қаладағы түрлі компаниялардан корпоративтік командалар сынға түседі.

Марафон кезінде 7:00 мен 14:00 аралығында қалада автомобиль жолы жабылады. Нақтырақ айтсақ, әл-Фараби даңғылының солтүстік жағы, Шығыс айналма жолының батыс жағы және Абай даңғылының оңтүстік жағы. Сейфуллин даңғылында Абай даңғылы мен әл-Фараби даңғылының ортасы түгелдей жабылады. 

ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастау алған марафон Орталық стадионда аяқталады. Жарыс аяқталған соң жеңімпаздарға мақтау қағаздары, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етіледі. 

Дәстүр бойынша, жиналған қаражат сөйлеу кемістігі бар балаларға арналған №9 мектеп-интернатының спорттық алаңын салуға жұмсалады.

Айта кетейік, 4-ші рет ұйымдастырылып отырған «Алматы марафоны» спорттық шарасына Мassaget.kz сайтының ұжымы да қатысуда.

Сурет: kaz.tengrinews.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама