Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Канело Альварес салмақ өлшеу рәсімі кезінде төбелесіп қала жаздады. Екі боксшының салмақ өлшеу рәсімін тоғыз мыңға жуық жанкүйер жиналды. Генаның салмағы қарсыласынан 91 грамм ауыр шықты. Ал көз арбасу кезінде Альварес қызуқандылыққа салынып, жанжал шығаруға ұмтылды. Мексикалық боксшының командасы да сес көрсетпек болды. Дегенмен ұйымдастырушылар мен жаттықтырушылар қос тарапты сабырға шақырып, жанжалды ушықтырмай тоқтатты. Екі боксшы Лас-Вегастағы уақыт бойынша 15 қыркүйек күні кеште шаршы алаңға шығады. Ал Астана уақытымен 16 қыркүйектің таңына тура келеді. Қазақстандық спортсүйер қауым бокс кешін тікелей эфирде тамашалай алады. Алдағы жекпе-жекте отандасымыз чемпиондық атағының барлығын қорғайды. Сондай-ақ иесіз тұрған The Ring чемпиондық атағы мен WBC ұйымының арнайы белбеуі де жеңімпазға табысталады.