FILA 2013 жылдың қорытынды рейтингін жариялады
55 келі (еркін күрес)
Бұл салмақ дәрежесінде жерлесіміз Расул Қалиев 5-ші сатыда тұр. Ол 2013 жылы Азия чемпионаты мен Алиев атындағы турнирде күміспен күптелген болатын. Ал 55 келідегі мықтылардың көшін ирандық Хассан Рахими бастап тұр. Одан кейін Амит Кумар (Үндістан) мен Нариман Исрапилов (Ресей) жайғасқан.
55 келі (грек-рим күресі)
Осы салмақта бақ сынайтын Нұрсұлтан Қалмұрзаев қараша айында Бакуде өткен Гейдар Алиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарған болатын. Палуанымыз тізімнің 9-шы сатысынан көрініп отыр. Ал тағы бір палуанымыз Жансерік Сәрсенбаев рейтингті қорытындылады.
60 келі (еркін күрес)
Бұл салмақта рейтингке Дәулет Ниязбеков ілініп отыр. Ол өткен Азия чемпионатында қола жүлде мен Германиядағы «Гран-Приде» жеңімпаз болып танылған болатын. Үздік үштік төмендегідей:
1. Бекхан Гойгириев (Ресей)
2. Владимир Дубов (Болгария)
3. Масуд Исмаилпауджари (Иран)
60 келі (грек-рим күресі)
2013 жылғы Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері Алмат Кебіспаев өз салмағындағы үздіктер қатарынан көрінді. Ол тізімнің 5-ші сатысында. Ал үздіктер:
1. Иво Ангелов (Болгария)
2. Иван Куйлаков (Ресей)
3. Елмурат Тасмурадов (Өзбекстан)
66 келі (грек-рим күресі)
Бұл салмақ дәрежесіндегі рейтингті жерлесіміз Ербол Қоңыратов қорытындылап тұр. Ол 2013 жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Руй Хан Су (Корея)
2. Исламбек Альбиев (Россия)
3. Фрэнк Стейблер (Германия)
74 келі (еркін күрес)
Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров бұл салмақ дәрежесіндегі рейтингтің ондығына іліккен. Палуанымыз 2013 жылы «Германия Гран-Приінде» жеңімпаз болып танылған еді. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Джордан Барроуз (АҚШ)
2. Исадолла Акбари (Иран)
3. Рашид Құрбанов (Өзбекстан)
84 келі (еркін күрес)
«Германия Гран-Приінде» екінші орын алған Аслан Кахидзе осы салмақтағы рейтингті қорытындылап тұр. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Ибрагим Алдатов (Украина)
2. Рейнерис Салас Перес (Куба)
3. Ихсан Лашгари (Иран)
84 келі (грек-рим күресі)
Қазанда өткен Дүниежүзілік Универсиада да 5-ші орын алған Нұрсұлтан Тұрсынов бұл салмақтағы рейтингті қорытындылаған. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Талеб Нариман Ниматпур (Иран)
2. Хассан Саман Тахмасеби (Әзірбайжан)
3. Виктор Лоринц (Венгрия)
96 келі (еркін күрес)
Еркін күрестен бұл салмақ дәрежесіндегі үздіктер қатарына екі палуанымыз ілігіп отыр. Халықаралық Циалковский турнирінде топ жарған Таймураз Тигиев 9-шы орынға жайғасса, Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері Алихан Жұмаев 13-ші болып тізімге енген. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Реза Яздани (Иран)
2. Кетаг Газюмов (Әзірбайжан)
3. Павло Олейник (Украина)
96 келі (грек-рим күресі)
Грек-рим күресінен бұл салмақ дәрежесіндегі үздіктер ондығына жерлесіміз Ерулан Ысқақов еніп отыр. Палуанымыз өткен жылы Азия чемпионатында күміс жүлдені қанағат тұтқан еді. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Никита Мельников (Ресей)
2. Артур Алексанян (Армения)
3. Балаз Кис (Венгрия)
120 келі (еркін күрес)
2013 жылы «Германия Гран-приінің» биігінен көрінген Дәулет Шабанбай өз салмағы дәрежесіндегі рейтингтің 11-ші орынында тұр. Ал үздіктер үштігі төмендегідей:
1. Хаджимурат Гацалов (Ресей)
2. Ален Засеев (Украина)
3. Таха Акгуль (Түркия)
120 келі (грек-рим күресі)
Қазақстан құрамасының сапынан үздік көрсеткішті Нұрмахан Тінәлиев көрсетіп отыр. Ол аса ауыр салмақта үздік үштікті қорытындылады. Палуанымыз өткен жылы Азияда қарсылас шақ келтірмей, Дүниежүзілік Универсиада мен Әлем чемпионатында қоланы қанжығасына байлап қайтқан еді. Бірінші орында 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері эстон Хейки Наби тұр. Екінші орын Қазанда өткен Универсиадада чемпион болған түрік Риза Каялпқа бұйырды.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com, sports.kz, thenews.kz