FIFA футболға жаңа ереже қосқысы келеді

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ sport.ua

Қолға алынған жүйе FVS деп аталады. Қазір VAR жүйесі арқылы бас төреші ғана қайталау сәтіне қарап шешім шығаратын болса, болашақта команда жаттықтырушылары да ойын кезінде екі рет челлендж сұрау мүмкіндігін қарастыруда. Сонда арбитр күмәнді сәтті видеоқайталаудан қарауға міндеттеледі. 

Бұл ереже Халықаралық футбол қауымдастығы кеңесі (IFAB) шешімімен мақұлданған. Биыл 17 және 20 жасқа дейінгі әйелдер арасындағы Әлем чемпионаттарында сынақтан өткізілді.

"Бұл екі турнирдің тәжірибесі мұқият талданады, бірақ қазірге дейін біз ешқандай күтпеген жағдайды байқаған жоқпыз", - дейді FIFA төрешілер комитетінің төрағасы Пьерлуиджи Колина.

Қазір бұл ұйым есепті Кеңеске ұсынуы керек, ол экспериментті жалғастыруға қатысты шешім қабылдайды. Бірнеше лига экспериментті өткізуге қызығушылық білдірген.

"Маңызды мәселе - FVS жүйесі VAR емес. Қолданылатын камералардың санының аздығына байланысты FVS VAR-дың көрсететінін көрсете алмайды", - делінген жарияланымда.

Челлендж сұрау ережесі басқа да спорт түрлерінде бар. Мысалы, хоккейде челлендж сұраған команданың дұрыстығы расталмаса, бір ойыншысы 2 минуттық айыппен жазаланады. Ал футзал мен теннисте челлендж алу мүмкіндігі күйіп кетеді.

Айта кетейік, VAR қарау ережесінің өзі футболға небәрі 2016 жылы енгізілген. Содан бері футболдың ажырамас бөлігіне айналып кетті. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама