ESPN: "Головкин - Чавеспен кездесуге ең лайықты қарсылас"
Сайттың дауыс беруді ұйымдастырудағы мақсаты – мексикалық боксшы Хулио Сесар Чавес кішінің келесі қарсыласының кім болғанын өз қолданушылары арасында білу болған. Қорытындысында, Геннадий Головкинге бокс жанкүйерлерінің 47 пайызы дауыс берген. Ал дауыс беруге жалпы саны 26 мың 513 адам қатысқан екен.
Хулио Сесар Чавес кіші
Екінші орын америкалық танымал боксшы Андре Уордқа бұйырды. Оған 22 пайыз дауыс берілген. Ал үшінші орынға 20 пайыздық көрсеткішпен орта салмақтағы WBC чемпионы аргентиналық Серхио Мартинес жайғасты. Британиялық Карл Фроч болса төртінші орынды иеленді (11 пайыз).
Соңғы кезде Головкинннің қарсыласы ретінде көпшілік дәл осы Чавес кішінің есімін атауда. Осыған дейін кейбір басылымдар бұл жекпе-жек 12 шілде күні суперорта (168 фунт) салмақ дәрежесінде өтуі мүмкін деп хабар таратқан болатын. Алайда кейін Top Rank (Чавестің кездесулерін ұымдастырушы) промоутерлік компаниясының басшысы Боб Арум аталған кездесу күзге ауыстырылуы мүмкін екендігін хабарлады.
Естеріңізге салар болсақ, Геннадий Головкин 26 сәуір күні Нью-Йоркте кезекті рет жекпе-жек өткізуді жоспарлаған еді. Алайда отбасында болған қайғылы жағдайдан кейін ол бұл кездесуге шығудан бас тартты.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: wbanews.com