«Australian Open». Зарина Диас vs Мария Шарапова
Қазақстандық теннисші соңғы кездесулерінде бірінші сетте қарсыласын алға оздырып алумен келеді. «Үлкен дулыға» санатындағы доданың екінші айналымында Зарина словакиялық спортшы Анна Шмидловадан басым түсті. Бірақ, бірінші сетте 6:3 есебімен ұтылып қалды.
Зарина Диас екінші сетте басымдығын танытты. Қарсыластың қателігін оңтайлы пайдалана білген отандасымыз сетті 6:2 есебімен қорытындылады. Ал үшінші сет нағыз тартысқа толы болды. Анна Шмидлова өзінің доп кезегін, және Заринаның да есеп теңестіретін мүмкіндігін пайдаланып кетті. Бірақ, намысқа тырысқан отандасымыз кейінгі екі геймді өз пайдасына шеше білді. Сет соңында 6:6 есебі тіркеліп, ережеге сәйкес екі гейм алға озған теннисші жеңімпаз атанатын болды. Нәтижесінде Зарина Диас 8:6 есебімен жеңіске жетіп, 1/16 финалға жолдама алды.
Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Зарина Диас үшінші кезеңде әлемнің екінші ракеткасы Мария Шараповамен кездеседі. Осыған дейін екі теннисші бір-бірімен кортта кездесіп көрмеген. Ресейлік танымал теннисшіні жеңген қазақстандық жалғыз теннисші, ол – Галина Воскобоева. Бірақ, оның өзі 2001-2008 жылдар аралығында Ресей елінің намысын қорғаған. Мария Шараповаға қарсы Қазақстан атынан сынға түскен Ярослава Шведова мен Сесиль Каратанчева да елімізден шыққан теннисшілер емес. Зарина әлемнің ең үздік теннисшілері санатына жататын Мариямен кездескелі отырған алғашқы қазақстандық, әрі қазақ теннисшісі.
Айта кетейік, 2015 жылғы «Australian Open» халықаралық додасына еліміздің атынан қатысып жатқан Зарина Диастан өзге Ярослава Шведова да 1/16 финалға өтті. Ол WTA рейтингінде 21-ші орынға орналасқан қытайлық Пэн Шуаймен кездеседі. Егер жеңіске жетіп жатса, Зарина мен Мария жұбының жеңімпазымен жолы түйісетін болады. Екі ойын да 23-ші қаңтарға жоспарланған.
Сурет: өңделген