«Africa Eco Race-2014» екінші кезеңі аяқталды
Доданың екінші айналымында экипаждар Марокконың 431 шақырым жолын артта қалдырды. Бұл алғашқы айналыммен салыстырғанда 350 шақырымға ұзақ. Бұл кезеңде Жан-Луи Шлессер мен Тьери Магнальди экипажы бірінші болып келді. Олар толық жолды 5 сағат, 10 минут 5 секундта бағындырды. Ал екінші жарысқа қатысушылар қазақстандық Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов мәрені 12-ші болып кесті. Жалпы екі айналым қорытындысы бойынша, Қанат Шагиров пен Александр Мороз жұбы 8-ші орында, Юрий Сазонов пен Арслан Сахимов 11-ші сатыда келеді.
Естеріңізге сала кетсек, 31 желтоқсан күні басталған «Africa Eco Race-2014» ралли-рейді 11 кезеңнен тұрады. Жарысқа қатысушы экипаждар жалпы ұзақтығы 2992 шақырымды құрайтын жол арқылы Африканың Марокко, Мавритания және Сенегал елдерін басып өтеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz