AVANGAR LOOT BET Season 1 турнирі аясында екі ойын өткізді
Counter-Strike: Global Offensive (CS:GO) ойыны бойынша AVANGAR командасы Winstrike және pro100 ұжымдарымен күш сынасты. Алғашқы ойында AVANGAR ресейлік Winstrike командасынан 2:1 есебімен жеңіліс тапты. Ал екінші кездесуде украиналық pro100 ұжымын 2:0 есебімен жеңді.
Бұған дейін қазақстандық ұжым әлемнің ең беделді турнирі Katowice Major-дан шығып қалған болатын. Жарыстың негізгі кезеңіндегі алғашқы матчында AVANGAR 0:2 (12:16 Mirage; 7:16 Train) есебімен team Liquid командасынан ұтылып қалды. Алайда ойын барысында қазақстандық команда есепте алда болып, жеңіске жетуге жақын еді. Алайда соңғы сәтте қарсылас команда таразы басын теңестіріп, артынша жеңісті жұлып алды. Екінші кездесуде америкалық NRG командасынан басым түсті. Есеп - 16:13. Үшінші матчта тағы бір америкалық ұжымды қапы қалдырды. Қазақстандық ойыншы Дәурен AdreN Қыстаубаев өнер көрсететін FaZe Clan командасы AVANGAR-дан 16:13 есебімен жеңіліс тапты. Соңғы ойында финляндияның ENCE командасынан 16-7 есебімен жеңілген AVANGAR Katowice Major турнирінің плей-офф кезеңіне бір қадам жерден тоқтады.
Бүгін қазақстандық киберспортшы Дәурен AdreN Қыстаубаевтың командасы FaZe Clan плей-офф кезеңінде украиналық NaVi ұжымымен күш сынасады.
AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами.