«Арландар» WSB жобасының финалына шыға алмады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ vk.com

Бірінші күні өткен С1 дәрежесіндегі боксшылар арасындағы жекпе-жек қорытындысы бойынша британдық клуб 3:2 есебімен алға шыққан болатын. Ал бүгін өткен бес жекпе-жекте жерлестеріміздің асығы алшысынан түспеді. Тек 69 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов қана қарсыласы Джошуа Келлиді 2:1 есебімен жеңді. Ал өзге боксшылар жеңілістің кермек дәмін татты.

Тарқата айтар болсақ, 52 келіге дейінгі салмақта Азамат Исақұлов Корюн Согомонянға қарсы жұдырықтасты. Қазақстандық боксшы намысты қолдан бермегенмен, төрешілердің бүйрегі британдық боксшыға бұрғаны байқалды. 60 келіге дейінгі салмақта Закир Сафиуллин де қарсыласына есесін жібере қойған жоқ. Дегенмен төрешілер Люк Маккормэкті жеңімпаз ретінде таныды. Ал 81 келіге дейінгі салмақта өткен шешуші жекпе-жекте Нұрдәует Жарманов өзін жақсы қырынан көрсете алмады.

Соңғы болып шаршы алаңға шыққан Қамшыбек Қоңқабаевтың да жолы болмады. Бесінші раундта ширақ қимылдаған Фрэйзер Кларк жеңіске жетті. Нәтижесінде өткен жылы WSB жобасында жеңімпаз атанған «Astana Arlans» биыл жарысты жартылай финалда аяқтады.

Биылғы WSB жобасының финалына Кубаның «Сuba domadores» клубы мен британдық «British Lionhearts» шығып отыр. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама