Лос-Анджелестегі арнайы Олимпиада ойындарына 68 қазақстандық спортшы қатысады

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ pasadenanow.com

Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындары – мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық дода. Биыл бұл жарысқа Қазақстан құрамасы сапында 68 спортшы мен 20 жаттықтырушы қатысады. Отандастарымыз жеңіл және ауыр атлетика, гольф, теннис, үстел теннисі, бадминтон, боулинг, ат спорты, роликтік коньки, бочче, жүзу, волейбол, баскетбол, дзюдо, гимнастика секілді спорттың 15 түрі бойынша медальдарға таласады. Елге 15 алтын, 15 күміс, 15 қола жүлдемен оралуды мақсат тұтып отыр. Бұл жөнінде «SpecialOlympics» өкілдері бүгін Қазақстан баспасөз клубында өткен арнайы баспасөз мәжілісінде хабарлады.

- Халықаралық алаңдардағы жарыстарға қатыса отырып, біздің ұйым, жаттықтырушылар мен спортшылар халықаралық қауымдастық ортасында Қазақстанды әлеуметтік даму деңгейі жоғары демократиялық ел ретінде танытып, Отанымыздың беделін нығайтуға үлес қосып келеді, - деп атап өтті компанияның бас директоры Ольга Бахарева.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің статистикасы бойынша Қазақстанда ақыл-ой қызметінде бұзылыстары бар 100 000-нан аса бала мен жастар өмір сүреді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға өз елі үшін қызмет етіп, оған пайдалы бола алатын азаматтарға айналуға мүмкіндік беру, олардың жағдайын түсінетін қоғамға бейімдеу және әлеуметтік тұрғыда ықпалдастыру мақсатында «SpecialOlympics» жасы 8-ден асқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап көптеген олимпиадалық спорт түрлері бойынша жыл бойы жаттығулар мен сайыстарды ұйымдастырып келеді. «Спорт - балалардың денсаулығын нығайтып, қоғамның оларға деген қатынасын жақсы жаққа қарай өзгертеді» деген ұстанымда жұмыс жасауда.

Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындары 2015 жылы өтетін ең ірі спорт оқиғасына айналмақ. 25 шілде мен 5 тамыз арасында өтетін Лос-Анджелестегі додаға 177 елден келген 7000-ға жуық спортшы 30 000 еріктінің қолдау көрсетуімен 9 күн бойы спорттың 25 түрі бойынша жарыс алаңдарында бақ сынайтын болады. Сайыстар әлемдік санатқа жататын орындарда өткізілмек. Олардың қатарында Оңтүстік Калифорния Университеті мен Лос-Анджелестегі Олимпиада ауылы, сондай-ақ, 1932, 1984 жылдары Олимпиада ойындары өткен Лос-Анджелестегі «MemorialColiseum» де бар.

Айта кетейік, «SpecialOlympics» ұйымының Қазақстанда қызмет жасаған бүкіл уақыты ішінде мүмкіндігі шектеулі 630 қазақстандық спортшы дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындарына 12 рет қатысты. 198 алтын, 180 күміс пен 132 қола медаль иеленген. 

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама