«Astana Arlans» командасының Польшаға баратын құрамы белгілі болды

О Сансызбай Корреспондент

«Astana Arlans» пен «Hussars Poland» клубтары WSB жобасының V маусымындағы бірінші кездесулерін өткізіп үлгерді. Марат Жақиев жаттықтыратын отандастарымыз Алматыда Венесуэланың «Caciques Venezuela» командасын ойсырата жеңсе, поляктар түзде «Puerto Rico Hurricanes» клубына 3:2 есебімен ұтылған еді.

Сонымен қос клубтың да бапкерлері шаршы алаңға шығатын боксшылар есімін атап үлгерді. Алдымен 52 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар жұдырықтасады. Бұл салмақта ел намысын Олжас Сәттібаев қорғағалы отыр. Отандасымыз «Astana Arlans» сапына осы маусымда қайта қосылған еді. Естеріңізде болса, өткен маусымда Жамбыл өңірінің былғары қолғап шебері денсаулығына байланысты жарыс соңына жетпей, клуб қатарынан шығып қалған болатын. Отандасымыздың польшалық клуб сапынан шығатын қарсыласы – Хамза Туба. Бұл боксшы «Hussars Poland» командасының Германиядан келген легионері. Осыған дейін бұл боксшыны Ілияс Сүлейменов бірнеше рет жеңген болатын.

60 келі салмақ дәрежесінде Закир Сафуиллин Давид Павел Михелуспен жұдырықтасады. Бұл боксшы да қазақстандық боксшыларға қарсы шаршы алаңға шыққан. Өз кезегінде Ғани Жайлауовтан айласын асыра алмаған болатын. Ал еліміздің намысын қорғайтын Закир Сафуллин болса, «Astana Arlans» клубы қатарында алғаш рет жұдырық түйістіргелі отыр. Ол 2014 жылғы ел чемпионатында жеңімпаз атанған болатын.

69 келі салмақта Мадияр Әшкеевтің қарсыласы - ағылшындық «Ливерпуль» командасының капитанымен аттас Стивен Джерард Донелли. Қазақстандық боксшы осыған дейін «Astana Arlans» клубының намысын қорғап жүрген әккі былғары қолғап шеберлері қатарынан.

Марат Жақиев «Hussars Poland» командасына қарсы ауыр салмақта клубтың легионерлеріне сенім артып отыр. 81 келіге дейінгі салмақта Хрвое Сеп шаршы алаңға шықса, 91 келіден жоғары салмақта Филипп Хргович жұдырықтаспақ.

«В» тобында бақ сынап жатқан «Astana Arlans» клубы бірінші тур кездесулерінен кейін топта көш бастап тұр. Қазақстандық клубтан өзге, «Baku Fires» (Әзірбайжан), «Puerto Rico Hurricanes» (Пуэрто-Рико), «USA Knocrouts» (АҚШ) ұжымдарында да 3 ұпайдан бар.

«Hussars Poland» пен «Astana Arlans» клубтары арасындағы бокс жекпе-жегін 24 қаңтар күні Астана уақытымен сағат түнгі 01:25-те тамашалай аласыздар.

Сурет: vk.com

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама