«Astana Arlans» V маусымды жеңіспен бастады

О Сансызбай Корреспондент

«Сaciques Venezuela» клубы қазақстандық ұжымның боксшыларына қарсы қауқар таныта алған жоқ. Жаңа маусымда жаңа директор, және жаңа бас бапкермен шаршы алаңға шыққан отандастарымыз намысты қолдан бермеді. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер жерлестеріміздің өнеріне қол соғып, зор қуанышпен тарқасты.

49 келіде «Astana Arlans» сапынан шаршы алаңға Мардан Берікбаев көтерілді. Жаңа маусымдағы алғашқы жеңіс қашан да маңызды екенін сезініп шыққан боксшы қарсыласы Йоел Ривас Финолды тезірек жеңудің жолын іздеді. Венесуэлалық боксшы да өз кезегінде аянып қалмауға тырысты. Қорытындысында 5 раундтқа созылған жекпе-жекте төрешілер бірауыздан Марданды жеңімпаз ретінде таныды.

56 келі салмақ дәрежесінде Мейірболат Тойтов командаға екінші ұпай салды. Ол қарсыласы Хосе Висенте Диасты бірінші раундта-ақ бір нокдаунға жіберді. Екінші раундта кездесуді аяқтауға мүмкіндігі болған, бірақ венесуэлалық клубтың былғары қолғап шеберін гонг дауысы құтқарып қалды. «Сaciques Venezuela»  боксшысы бес раундқа шыдағанымен, жеңіске жетер жолды таба алған жоқ.

64 келіде «Astana Arlans» капитаны Самат Башенов жекпе-жегін салқынқандылықпен өткізді. Оның қарсыласы Луис Мартин Аркон да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Оның үстіне жеңілсе, командасы да жеңілетінін біліп шықты. Қазақстандық клубқа қарсы осы боксшы ғана сәтті жұдырықтаса алған секілді. Бірақ, WSB жобасына қатысып, тәжірбие жинап қалған отандасымыз қарсыластың ойлаған жүйесін жүзеге асыртпады. Екеуі де бір-бірімен жиі соққылар алмасқанмен, Саматтың соққылары дөп тиіп, Луис Мартин Аркон жұдырығы ауа қармап жүрумен болды.

Жанкүйерлер делебесін қоздырған жекпе-жек – Мейірім Нұрсұлтанов пен Хуан Карлос Родригес арасында өтті. Марат Жақиев айтқан жүйені берік ұстанған отандасымыз қарсыласын бірінші раундта-ақ жүгіртіп шаршатып алды. Жойқын соққы жасап, Мейірімді мұрттай ұшырмақ болған венесуэлалық боксшының айласынан нәтиже шықпады. Қолының қысқа болуы да кедергісін тигізді. Ал өз кезегінде Мейірім Нұрсұлтанов қолының ұзындығын жақсы пайдаланып, қарсыласты бүйірден бірнеше рет соққымен жер құштырды да. Төртінші раундта «Сaciques Venezuela» клубының бапкері шәкіртінің жекпе-жекті жалғастыра алмайтынын біліп, ортаға орамалын тастады.

91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит де техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Альфонсо Хосе Флорестің тәжірибесі жоғы бірінші раундтан-ақ байқалды. Бірден ауыр соққылардың астына алған қазақстандық боксшы бет қаратпады. Үшінші раундтан кейін венесуэлалық боксшы жекпе-жекті жалғастыра алмайтынын хабарлады.

Марат Жақиев, «Astana Arlans» клубының бас бапкері:

- Боксшылар бабында екенін байқатты. Жігіттердің барлығы намысты қолдан берген жоқ. Алғашқы кездесуде жеңіске жету барлығымыз үшін маңызды болды. Үміт ақталды. 23 қаңтар күнгі кезекті кездесуге құрамды 2-3 күннен кейін жариялайтын боламыз. 

«Astana Arlans» клубы V маусымдағы алғашқы кездесуді 5:0 есебімен жеңіспен бастады. Енді, бір аптадан кейін Варшава қаласында «Rafako Hussars Poland» клубымен кездеседі. 

Сурет: massaget.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама