2020 жылы GGG мен "Канело" үшінші рет жұдырықтасады
Тура 1 жыл бұрын "Канело" қазақстандық боксшыны ұпай айырмасымен ұтып, чемпиондық белбеулерді жеңіп алған еді. Ал 2017 жылы өткен жекпе-жекте тең түскен болатын.
- Головкин келесі жылғы қарсыластарымыздың бірі. Басқалай болмайды! Адамдар осы жекпе-жекті қайта көргісі келері сөзсіз. Әлем жұртшылығы күтіп жүр десек те болады. Головкин бұған лайықты, - деді Де Ла Хойя.
Негізі екі боксшы арасындағы жекпе-жек осы қыркүйекте өтеді деп күтілген. Алайда мексикалық боксшы жұдырықтасудан бас тартты. 2 қараша күні ресейлік Сергей Ковалевпен қолғап түйістіруді ұйғарған.
Worldboxingnews.net сайты жекпе-жек уақытын хабарлап та үлгерді. Екі боксшы 2020 жылдың 2 мамырында шаршы алаңға шығуы мүмкін.
- Алдымен Канело 2 қараша күні төртінші салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын алу үшін Сергей Ковалевпен жұдырықтасады. Одан кейін мексикалық бокс жұлдызы Головкинмен үшінші кездесуіне дайындалады.
29 жастағы мексикалық жылына екі жекпе-жек өткізеді. Көбіне мамыр мен қыркүйек айларына жоспарлайды. Головкинмен келер жылдың 2 мамырында жұдырықтасуы бек мүмкін, - деп жазады басылым.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 5 қазан күні Нью-Йоркте IBF белбеуі үшін украиналық Сергей Деревянченкомен жұдырықтасады.