2012 жылдың ең табысты спортшылары
Жалпы тізімге кірген спортшылардың рейтингі 2011 жылдың маусымы мен 2012 жылдың маусым аралығындағы табыстары арқылы есептелінген. Бұл уақыт аралығында Мэйуэзер 85 миллион доллар көлемінде пайда тапқан. Бір қызығы боксшы бұл аралықта тек екі ғана кездесу өткізген. Алғашқы 40 миллионды Мэйуэзер Виктор Ортиске қарсы кездесуде тапса, қалған 45 миллонды Мигел Коттоға қарсы кездесуінде қалтасына басқан.
Екінші орында тағы да бір кәсіпқой боксшы - Мэнни Пакьао орналасқан. Ол бір жылдың ішінде есеп-шотын 62 миллион долларға толықтырған.
2011 жылғы Forbes рейтингінің тізімінде бірінші орынға жайғасқан гольфшы Тайгер Вудс 2012 жылы бұл тізімнің үшінші сатысына сырғып кетіпті. Өткен жылдың ішінде Тайгер 59,4 миллион доллар пайда түсірген. Бұл спортшының 2009 жылғы табысына қарағанда екі есе аз.
Сондай-ақ, 53 миллион доллар табыспен Forbes тізімінің төртінші сатысына баскетболшы Леброн Джейм орналасса, бесінші орын 52,7 миллион табысымен теннисші Роджер Федерерге бұйырыпты.
Табысты спортшылардың тізіміне тек екі ғана нәзік жанды спортшы кірген екен. Олар – ресейлік теннисші Мария Шарапова мен қытайлық теннисші Ли На. Шарапова өткен жылы 27,6 миллион доллар пайдасымен Forbes тізімінің 26 сатысына, ал Ли На 18,4 миллион доллар табыс көрсеткішімен тізімнің 81 сатысына орналасыпты.
Жалпы тізімде 11 спорттың өкілі бар. Оның ішінде 30 спортшы америкалық футболмен айналысады. Егер барлық спортшының бір жылдық табыстарын жалпылай есептейтін болса, онда ол көрсеткіш 2,6 миллиард долларға пара-пар келеді екен.
Forbes Рейтингі:
1. Флойд Мэйуэзер- (бокс) – $85 млн
2. Мэнни Пакьяо (бокс) – $62 млн
3. Тайгер Вудс (гольф) – $59,4 млн
4. Леброн Джеймс (баскетбол) – $53 млн
5. Роджер Федерер (теннис) – $52,7 млн
6. Кобе Брайант (баскетбол) – $52,3 млн
7. Фил Микелсон (гольф) – $47,8 млн
8. Дэвид Бекхэм (футбол) – $46 млн
9. Криштиану Роналду (футбол) – $42,5 млн
10. Пейтон Мэннинг (американдық футбол) – $42,4 млн
Дайындаған: Уалихан Қосанбай
Сурет: sport.rbc.ru