Бір жылдың аясында қалталы спортшылардың тізімін Роджер Федерер бастап тұр. Бұл сіз бен біз таңданатындай жағдай емес. Швейцарияның әйгілі теннисшісі бұған дейін де мол пайдаға кенеліп келгенін жұрт жақсы біледі. Ол өзінің спорттық мансабында 73 453 677 доллар пайда тапты. Федерер 17 рет «Үлкен дулыға» санатына жататын додаларда топ жарған. Жекелеген сайыста ол АҚШ-тың ашық біріншілігі USA Open жарысында 5 мәрте мерейі үстем болса, Австралияның ашық біріншілігі мен Уимблдонда 4 реттен топ жарды. Бір рет Ролан Гарроста қарсылас шақ келтірмеді. 2008 жылы Бейжіңде Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. Швейцарияның мықтысы 300 апта бойы АТР рейтингінде көш басында келеді. Теннис спорт түрін серік еткендердің ешқайсысы дәл осындай көрсеткішімен мақтана алмайтын шығар, сірә! Олимпиада қарсаңындағы бір жыл ішінде 30 жастағы Роджер Федерер 54,3 миллион АҚШ доллармен қалтасын толықтырған.
Екінші орында 27 жастағы АҚШ-тың атақты баскетболшысы Джеймс Леброн. Соңғы бір жылда ол өзінің есепшотына 53 миллион доллар аударды. Бұған дейін Леброн «Кливленд Кавальерстің» сапында 7 жыл бойы ойнап, 2010 жылы «Майами Хит» командасына ауысқан болатын. Сол командада Леброн көптеген биік белесті бағындырды. 2012 жылы Ұлттық баскетбол лигасының (ҰБЛ) жеңімпазы атанды, алты рет ҰБЛ-дың бірінші құрамына енді, талай рет ең құнды ойыншы ретінде танылды. 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда Олимпиада чемпионы атанса, 2004 жылы Афиныда күміс жүлдеге қол жеткізді.
Ұлттық баскетбол лигасының тағы бір саңлағы Коби Брайант үшінші сатыда тұр. 34 жастағы америкалық баскетболшы өзі көз тіккен белестердің барлығын да бағындырды. Брайант Олимпиада ойындарында екі мәрте алтын тұғырға көтерілді. 5 рет ҰБЛ-дың чемпионы атанып, 10 рет ҰБЛ-дың бірінші құрамына ойнады. «Барлық жұлдыздар» матчында 10 мәрте өнер көрсетті. Бір ғажабы, Коби 15 жылдан астам уақыт бойы тек бір ғана «Лос-Анджелес Лейкерс» клубының намысын қорғап келеді. Оның соңғы 12 айда тапқан табысы 52,3 миллион долларды құрайды.
Төртінші орында - Мария Шарапова. Ресей аруы тек теннис жарыстарынан ғана емес, түрлі жарнамаға түсу арқылы да ақша тауып жүр. Мария тек әйгілі теннисші ғана емес, сондай-ақ көркіне көз тоймайтын сұлу қыз. Спорттағы табыстары жайында айтар болсақ, 25 жастағы теннисші «Үлкен дулыға» санатындағы төрт жарыстың барлығын бір-бір реттен ұтқан. WTA турнирлерінде 27 рет топ жарып, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында күміс медальді иеленді. Бүгінгі таңда ол әлемнің екінші ракеткасы. Соңғы бір жылдың көлемінде Мария 27,1 миллион доллар табыс тапты.
АҚШ баскетболшысы Кевин Дюрант бесінші сатыға орналасып тұр. Оның биылғы табысы - 25,5 миллион доллар. 23 жастағы ойыншы Вашингтонда туып-өскенімен, 2007 жылдан бері «Оклахома-Сити Тандер» клубының сапында өнер көрсетуде. Сондай-ақ ол АҚШ құрама командасының мүшесі.
Ауқаттылар тізімінде алтыншы орын АҚШ-тың тағы бір баскетболшысы, «Нью-Йорк Никс» клубының ойыншысы Энтони Кармелоға бұйырды. 28 жастағы бойшаң жігіт 22,9 миллион табыс тапқан.
Жетінші сатыға жайғасқан Ямайканың желаяғы Усейн Болттың табысы - 20,3 миллион доллар. Болт бір ғана Олимпиада ойындары барысында 100, 200 және 4х100 метрлік сайыста әлемдік рекордтарды жаңғыртқан жер бетіндегі жалғыз адам. Сонымен қатар айтулы спортшы 100 және 200 метрлік қашықтықта бақ сынап, қатарынан екі бірдей Олимпиадада қарсылас шақ келтірген жоқ.
Соңғы бір жыл көлемінде дәулеті тасып, мол олжаға кенелгендер қатарында Сербияның теннисшісі Новак Джокович (19,8 миллион), АҚШ баскетболшысы Крис Пол (19,2 миллион) және Қытай теннисшісі Ли На (18,4) бар. Осы үшеуі де алғашқы 10 қалталылардың қатарына еркін еніп отыр. Ал одан кейінгі орындар Дэрон Уильямс (АҚШ, баскетбол), По Газоль (Испания, баскетбол), Серена Уильямс (АҚШ, теннис), Каролина Возняцки (Дания, теннис), Тони Паркер (Франция, баскетбол), Энди Мюррей (Ұлыбритания, теннис), Эмануэль Дженобили (Аргентина, баскетбол), Андре Игудала (АҚШ, баскетбол) және Марк Газоль (Испания, баскетбол) сынды саңлақтарға бұйырды.
Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ
Сурет: spurtup.com, isport.ua, moresporta.com.ua