15 жасар Динара халықаралық гроссмейстер деп танылды
Сайыс 28 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында өтті. 15 жасар Динара қытайлық Чжу Вэньчжунмен (Ju Wenjun) болған ойында тең нәтиже көрсетіп, 9 ұпайдың 7-еуін қанжығасына байлады. Айта кетелік, бұл ойынға дейін қытай спортшысының рейтингі отандасымыздан 312 пунктқа жоғары болды (Ju Wenjuin -2528, Saduakassova Dinara -2216). Осылайша ойын соңында Сәдуақасова қыздар арасындағы халықаралық гроссмейтстер деп танылды. Шахматшының олимпиададағы ең жас қатысушылардың бірі болғандығын да айта кетелік.
Динара, сонымен қатар, 1-9 тамыз аралығында Чехияда өткен халықаралық турнирде үшінші орынға ие болған еді. Кейінірек Челябинскіде өткен халықаралық турнирде де отандасымыз қыздар арасында топ жарды. Ал 1-10 шілде аралығында Астанада блиц пен рапидтен өткен чемпионатта спортшы жартылай финалға шыққан жалғыз қыз болды.
Динара Сәдуақасованың әлемнің екі дүркін чемпионы (2010 жылы -14 жасқа дейін және 2012 жылы - 17 жасқа дейін) екендігін естеріңізге сала кетелік. Ол, сонымен қатар, әлемнің және Азия құрлығының үш дүркін вице-чемпионы, 13 жастан бері халықаралық кластағы шебер, Қазақстанның спорт шебері. Сәдуақасова осы уақытқа дейін Қазақстан мен халықаралық сайыстарда сәтті өнер көрсетіп, қанжығасына ұзын саны 45 медаль байлады.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: vesti.kz