Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

О Сансызбай Корреспондент

Жарыстың серіктестері бөлген қаражат жүлде төлеуге бағытталады. Сонымен қатар кәдесый өнімдерін алуға, ғылыми бағдарлама спикерлерінің ақысын төлеуге, шетелден келетін мәдени бағдарламаға қатысушыларға төлем жасауға жұмсалмақ.

«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы жүлделердің жалпы сомасы 253 млн теңгені құрайды. Әр спорт түрі бойынша жүлделер жеке беріледі. Командалық спорт түрлері – бұл ең алдымен көкпар және көк-бору. Жеңімпаз командаға 10 млн теңге, екінші орынға 6 млн теңге, қола жүлдегерге 4 млн теңге табысталады. Жеке спорт түрлерінде жеңімпаздар 500 мың теңгеден алады, екінші орын иеленгендер 300 мың теңгеден, қола жүлдегер 200 мың теңгеден алады», - деді спикер.

Ат спорты түрлерінде жүлделер біршама көп: бәйге жеңімпазына 2 млн теңге, жорға, құнан бәйге, топ бәйге жарыстарында 3 млн теңгеден, аламан бәйгеде 5 млн теңгеден беріледі.

«Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары үшін арнайы әзірленген бірегей медальдар табысталады. Ойындар дизайнерінің авторы - отандық дизайнерлік студия», - деді Н.Нұров.

Сондай-ақ жарыстың медальдары да таныстырылды. Медаль қола қорытпасынан жасалған. Медальдің ортасында көшпелілер өркениетінің белгісі - ат үстіндегі Күн басты адамның таңбасы бар.

«Медальдің контуры ұлттық символымыз шаңырақ түрінде жасалған. Медаль таспасы ерекше, сердолик минералының түсі секілді. Онда Ойындардың өтетін орны мен уақыты көрсетілген естелік жазба бар», - деді Н. Нұров.

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама