Ұлттық спорттың үздіктері анықталды

О Сансызбай Корреспондент

«Алтын тұғыр» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау рәсімі қорытындысы бойынша, қазақ күресінен Айбек Нұғымаров «Жыл балуаны», ал Серік Қоржыкенов «Жыл балуанының үздік жаттықтырушысы» деп танылды.

Айта кетейік, 2014 жыл Айбек Нұғымаров үшін сәтті өтті деп айтуға негіз бар. «Әлем барысының» финалына дейін жетіп, вице-чемпион атанды. ІІ «Еуразия Барысының» барлық белдесулерінде қарсыластарының жауырынын жер иіскеткенмен, финалда командалық белдесулер нәтижесі бойынша моңғолдарға есе жіберген болатын. Орынборда қазақ күресінен өткен V әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, үш дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Одан бөлек 2014 жылы дзюдодан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанған-ды.

Биыл екінші рет ұйымдастырылған шарада аударыспақ ойынында Біржан Қосалиев (ОҚО) «Аударыспақтың ауыр салмақтағы жыл палуаны», Ермек Жұмабекұлы «Аударыспақтың 70 келі салмақтағы жыл палуаны», Сырым Ізбасаров «Аударыспақтың 90 келі салмақтағы жыл палуаны», Марат Нұрпейісов «Аударыспақтан ауыр салмақтағы үздік палуан», Жанбатыр Бекмұсаев (ОҚО) «Аударыспақтан жылдың үздік жаттықтырушысы» марапаттарына ие болды.

Көкпардан Абылайхан Нышанбеков (ОҚО) «Көкпардың жыл шабуылшысы», Жалғас Қыянов (Жамбыл облысы) «Көкпардың жыл қорғаушысы», Қуанышбек Құрамаев («Хан» атының иесі) «Көкпардың жыл аты», Нұрдәулет Момынов («Аю» атының иесі) «Көкпардың пырағы», Темірхан Айтбаев (ОҚО) «Көкпардың жыл салымгері», Құрманбек Тұрғанбеков (Жамбыл облысы) «Көкпардан жылдың жас саңлағы», Мақсат Азбаев (СҚО) «Ұлттық ат спорты ойындарының үздік төрешісі» атақтарына ие болды.

Бүркітшілік спорты аталымында Арман Қошқаров «Жыл бүркітшісі», Дулат Әбен Күнтуған Тоқтыбай атындағы номинация «Жылдың жас бүркітшісі», Бағжан Бағдәулет «Жас бүркітші» деп танылды.

Ат бәйгесі жарысында Мейіржан Сексенов («Бақторы» иесі) «Жыл Алтын тұлпарының атбегісі», Мерхан Жолдасұлы «Жыл Алтын тұлпарының шабандоз баласы», Ерлан Сатыболдинов «Жыл атбегісі», Рамазан Сатыбалдиев «Жыл шабандозы», Ертілеу Сатыбалдиев «Жыл атбапкері», Саят Арынов пен Ғабит Үмбетов «Жыл атбегісі» атанды.

Асық ату спортында Руслан Асанов «Асық атудан жыл мергені», Адай Мұхамеджан «Асық атудан ересектер арасында жыл мергені», Дабыл Наурызов «Асық атудан жыл мергені жаттықтырушысы» атақтарына ие болды.

Тоғызқұмалақтан Жанат Қаймулдин «Тоғызқұмалақтан жыл ойыншысы», Салтанат Сапарбекова «Тоғызқұмалақтан жылдың үздік ойыншысы» және Қабидолла Нұршин «Тоғызқұмалақтан жыл жаттықтырушысы» атанды.

Жыл құмай тазысы аталымында Аманат Тоқабаевтың тазысы «Жыл құмайы» атанды.

Жамбы атудан Алдияр Нұрғазиев «Жамбы атудан жыл мергені» атағын жеңіп алды.

Теңге ілу ойынында «Теңге ілуден жыл ойыншысы» атағын ақтөбелік Әлихан Бәшімбаев иеленді.

Ал, «Ұлттық спорттың ардагері» аталымына Әбілхан Дауылбаев, Жолдыбай Кенжеғұлов пен Нәркен Қалибеков ие болды.

Спортшылардан өзге ұлттық спорт түрлерінің мерейін асырып, дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен азаматшалар да марапаттан шет қалмады.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы жас ақындар арасында «Дарабоз дәстүр» жыр мүшәйрасын ұйымдастырып, жеңімпаздарын анықтаған болатын. 

Сурет: nurotan.kz

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама