Индонезия елінің астанасы Джакартада өтіп жатқан ІІІ Пара Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны екі алтын медальмен толықты. Жүзу спортынан Сиязбек Далиев пен Ержан Сәлімгереев жеңімпаз атанды. Сиязбек Далиев S5 категориясындағы спортшылар арасында 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде үздік шықты. Ержан Сәлімгереев 100 метр қашықтыққа еркін жүзуде (S6) бірінші орын алды. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 2 алтын 5 күміс 6 қола медальмен жалпы есепте 12-орында келеді. Жүлделер саны бойынша Қытай құрамасы алда көш бастап тұр. 63 алтын, 28 күміс, 25 қола медаль еншілеген. Екінші орындағы Оңтүстік Кореяда 22 алтын 18 күміс 9 қола медаль бар. Үздік үштікті 15 алтын 7 күміс 3 қола жеңіп алған Өзбекстан құрамасы түйіндеп тұр. Айта кетейік, ІІІ Азия пара ойындарына әлемнің 43 елінен, 3 мыңнан аса спортшы қатысуда. Қазақстаннан осы жолғы пара ойындарға рекордты көлемде спортшы аттанды. Атап айтқанда 9 спорт түрінен 91 спортшы Джакартаға барды.