Олимпиадаға қатысудан бас тартқан Елена Рыбакинаның қазіргі жағдайы белгілі болды
Теннисшінің видеоүндеуін Қазақстан теннис федерациясы өз парақшасында жариялады.
"Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым!
Сіздерге Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаныма өзімнің қаншалықты ренжігенімді және өкінетінімді айтып хабарлаймын.
Мен командамен бірге белсенді дайындалдып, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқап қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды.
Барлық қазақстандық жанкүйерлерден үміттеріңізді ақтамағаным үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс жасағанмын және медаль жеңгім келді.
Токиода өткен Олимпиадада мен медаль алуға өте жақын болдым және медаль алу менің үлкен мақсатым болып қала берді. Мен жақын арада кортқа шыға аламын деп үміттенемін.
Барлық отандасыма алғысымды жеткізгім келеді, өйткені әлемнің қай түкпірінде ойнасам да сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер. Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын.
Көп рақмет және кортқа жақын арада ораламын деп үміттенемін", - деді теннисші.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев "Рыбакина неге Олимпиадаға бір күн қалғанда ғана ойнаудан бас тартты? Оның ауруы бұрын белгілі болған жоқ па?" деген сұраққа жауап берді.
"Еленаның сырқаттанып қалғаны бізге ол өзін әлсіз сезінген 23 шілде күні белгілі болды. Біз онымен, емдеуші дәрігерлерімен тұрақты байланыста болдық, Олимпиадаға дайын болуы үшін барлық нұсқаны қарастырып, емдеу жолдарын талқыладық. Елена кортқа шығып, ойнау үшін аурумен барынша күресті. Біз соңына дейін үміттендік – спортшыны сауықтырып, ойнауға шығару мүмкіндігі қашанда болады деп білемін. Өкінішке қарай, ойындардың басталу мерзімі жақындай келе біз оның Парижге келе алмайтынын мойындап, бұл туралы мәлімдеме жасадық", - деді ол.
Вице-президенттің сөзінше, Уимблдоннан кейін Еленаға бірден ұзақ турнирден кейінгі қалпына келу бағдарламасы ұсынылды.
"Біз оның денсаулығына қауіп төнетінін түсіндік – Елена 2023 жылы ковидпен екі рет ауырды, ал биыл денсаулығына байланысты Рим мен Индиан-Уэллс турнирлеріне қатысудан бас тартты. Осыған орай, Түркияда қысқа демалыс пен теңіз ауасы оған пайдалы болады деп біз тиісті шешім қабылдадық. Онда жүзу, стретчинг, жүгіру және басқа да жалпы дене дайындығы бойынша жеңілдетілген жаттығулар жасалды. Содан кейін Олимпиадаға корттағы кешенді дайындық кезеңі басталды – сонда Елена денсаулығының әлсірегенін сезді", - деді ол.
Досқараев теннисшінің қазіргі жағдайы туралы да айтты.
"Жағдайы жақсарып келеді, бірақ әлі әлсіз. Венадағы Дёблинг клиникасында бірнеше рет талдаулар тапсырып, пульмонолог және басқа мамандардан кеңес алып, толық тексеруден өтті. Қазіргі кезде Елена дәрігерлерден емдеу хаттамасын алып, өзінің жаттығу базасы орналасқан Братиславада қалпына келіп жатыр", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз