Қазақстан велоспорттан Парижге баратын спортшыларды атады
Қазақстан құрамасының аға жаттықтыушысы Даниил Фоминыхтың айтуынша, екі спортшы қазір Astana Kazakhstan Team велокомандасы сапында ірі жарыстарға қатысуда, деп жазады Olympic.kz.
Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы еншісінде үш лицензия бар. Үшеуі де жекелеген спортшыларға емес, командаға берілді. Париж ойындарына квота 2023 жылғы маусымдағы құрама нәтижесіне қарай бөлінді. UCI әлемдік рейтингі бойынша Қазақстан командасы 3660.24 ұпаймен 19-орыннан көрінген. Бір квота жекелей жарысқа, екі квота топтық жарысқа беріліп отыр.
Бір қызығы, Парижге аттанатын екі велоспортшымыз да андерлер арасында әлем чемпионы атанған. Алексей Луценко 2012 жылы топ жарса, Евгений Федоров араға он жыл салып, 2022 жылы алтын медаль жеңіп алды.
"Олимпиадада екі мықты спортшымыз өнер көрсетеді. Алексей Луценко мен Евгений Федоров. Луценко жекелей және топтық сында өнер көрсетсе, Федоров тек топтық жарыста бақ сынайды. Жыл бойы бұл велошабандоздар Astana Kazakhstan Team командасы сапында әлемдік додаларға қатысуда. Қазіргі таңда олар "Тур де Франс" көпкүндігінде сынға түсіп жатыр. Содан соң аздаған үзіліс алып, қалпына келеді де, Олимпиада ойындарына қатысады", - дейді ұлттық құраманың аға бапкері Даниил Фоминых.
Қазақстан командасының үздігі Алексей Луценко үшін бұл екінші Олимпиада болмақ. Ол Токиодағы жазғы ойындарға қатысып, топтық сында 21, жекелей сында 32-орыннан көрінді. Ал Рио Олимпиадасы қарсаңында жарақатына байланысты жарыстан бас тартқан еді. Луценко Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2017 жылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы. "Вуэльта" және "Тур де Франс" көпкүндіктерінің бір кезеңінде жеңіске жеткен. Алексейдің үлкен спорттағы жеңісті кезеңі 2012 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің алтынынан басталған болатын.
Ал Евгений Федоров үшін бұл өз мансабындағы алғашқы Олимпиада болмақ. Жас спортшы бұған дейін 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасында топ жарған. Одан бөлек, Федоровтың еншісінде 2023 жылғы Азия ойындарының алтыны бар. Сондай-ақ, Евгений андерлер арасында әлем чемпионы атанып, Азия чемпионаттарында екі мәрте жеңіске жеткен.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері жазғы Олимпиадада велоспорттан екі медаль жеңіп алған. Оның екеуі де Александр Винокуровқа тиесілі. Даңқты велоспортшы 2000 жылғы Сидней Олимпиадасында күміс, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған еді.
27 шілде күні велоспортшылар жекелей сында Париж Олимпиадасының жеңімпазын анықтайды. Ал ерлер арасындағы топтық жарыс 3 тамызға жоспарланған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз