Қазақстан құрамасының Олимпиадаға киетін спорттық киім үлгісі таныстырылды
Бірінші кезеңде 15 қатысушы жұмыс материалдарын 15 сәуірге дейін ұсынған болатын. Екінші кезеңде 16-17 сәуір күндері ұсынылған жұмыс материалдарын арнайы комиссия қарады.
Жұмыс тобының қатарында 18 адамнан құралған Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитеті, Ұлттық Олимпиада комитеті, Қазақстан спортшылары одағының өкілдері, белгілі спортшылар және БАҚ қызметкерлері болды.
Айта кетейік, киім үлгілері Қазақстан тігілмейтіні жайлы осыған дейін жазған болатынбыз. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Париж олимпиадасына арналған спорт киімдерін тигуге бюджеттен қаржы бөлінбейтінін де атап өткен болатын.
"Киім сапалы болады. Спорттық киімді Испанияның Joma компаниясы тігеді. Киімдер шетелде тігіледі. Өйткені қаржы демеушілер есебінен болады. Қазір нақты қаржы туралы айта алмаймыз. Себебі, оны санап жатырмыз. Әзірге соманы білмейміз. Алдымен (Париж Олимпиадасына) қанша спортшы баратынын анықтап алайық. Бүгінде елімізде 32 лицензия бар. Ол – 31 адам. 50-70 лицензия аламыз деген сенім бар. Осыған байланысты қанша қаржы керектігін қарастырамыз", - деген еді министр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!