Бокстан бас бапкер Мырзағали Айтжанов қазақстандықтардан кешірім сұрады
Бұл туралы ол Парижде қазақстандық телеарналарға берген сұхбатында айтты.
"Елдің жанкүйерлерін түсінемін. Біздің жекпе-жектерге көңілдері толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып, күресті. Жақсы дайындықпен келдік. Бірақ сәттілік жетпеді деп ойлаймын, ешкімді кінәламаймын.
Бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол үшін жеңіске жетпеген шығармыз. Бірақ жігіттердің бәрі шаршаған жоқ. Небір сөздер естіп жатырмыз. "Шаршады, дайныдық нашар" деп. Бүкіл әлем, әріптестерім біздің балаларға риза болып отыр. Ал біздің ел бізді даттап жатқанында қалай ел боламыз деп ойлаймын. Ал былай бәріне рақмет. Мүмкін қатты елдің намысын ойлап, солай айтып жатқан шығар. Бірақ бәрі аман болсын. Қазақпыз, бір-бірімізді осындайда қолдамағанда қашан қолдаймыз?", - дейді Айтжанов.
Еске салайық, биыл бокстан ұлттық құрама команданың еншісінде тек екі медаль. Күні кеше боксшы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз финалда украиналық Александр Хижнякқа жол берді.
80 келіге дейінгі салмақта өткен шешуші шайқаста Нұрбек барын салды. Қорғана жүріп, қарсыласының қапысын табуға ұмтылды. Раунд сайын төрешілердің есебі бөле жарылып отырды. Жекпе-жек қорытындысында Александр жеңіске жетті.
Нұрбек Оралбай Қазақстан ерлер құрамасы сапында жүлдеге іліккен жалғыз боксшы. Ол өзі қатысқан алғашқы Олимпиадада күміс жүлдегер атанды. Бұл салмақта Александр чемпион, Нұрбек күміс алды. Қоланы Кристиан Хавьер Пиналес (Доминикан Республикасы) пен Арлен Лопес Кардона (Куба) иеленді.
Сонымен қатар, Назым Қызайбай ел қоржынына қола медаль салды. 50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы, қытайлық Ву Юге есе жіберді.
Осылайша, Назым Қызайбай өз мансабында тұңғыш рет, өзі қатысқан алғашқы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!