Бүгін күрестен Бішкекте жазғы Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі басталды. Алғашқы жарыс күні еркін күрес шеберлері боз кілемге шықты.
97 килоға дейінгі салмақта Әлішер Ерғали алғашқы белдесуінде қырғызстандық Андрей Ароновты 10:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Әлішердің келесі қарсыласы Қытайдағы қазақ балуаны – Әбусайман Хабила. Ол 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған болатын.
Әлішерден өзге 74 килода Нұрғожа Қайпанов пен 125 килода белдесетін Юсуф Батырмұрзаев жартылай финалға жолдама алды. Олар екі белдесуінде де қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып шықты. Жартылай финалда жеңіске жетсе, Олимпиада жолдамасына ие болады.
Өкінішке қарай, Ерасыл Мұхтарұлы (57 кило) мен Майс Әлиев (65 кило) жартылай финалға шыға алмады.
3 күндік жарыста 36 Олимпиада лицензия иегері анықталады. Жолдама тек әр салмақта финалға шыққан балуандарға беріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!