Бабымда екенімді білгендіктен татамиде жүрмін – Елдос Сметов

О Сансызбай Корреспондент
Фото ©️ olympic.kz

"Қазіргі таңда жаттығу ойдағыдай өтіп жатыр. Соңғы жарыстардың бәріне жарақатыммен қатыстым. Бүгінде жарақатымнан құлан таза айықтым  деп айта алмаймын. Өйткені, кішігірім жарақаттар түбегейлі кетпейді. Бірақ 75-80 пайызға жақсарғанымды жасырмаймын. Азия чемпионаты қарсаңында тынбастан еңбектеніп жатырмын. 

Олимпиада алтынын алсам деген арманның жетегінде жүргеніме 12 жыл болды. Осы аралықта екі Олимпиаданың тұғырына шықтым. Бірақ бала күннен бергі арманым маған маза бермейді. Қазір менің жасым келгенін айтатын жанкүйерлер көп. Бірақ мен өзімнің бабымда екенімді, әлем мықтыларымен күресе алатынымды білгендіктен татамиде жүрмін, - дейді дзюдошы. 

Сонымен қатар спортшы отандық ақпарат құралдары жазып жүрген кей ақпараттарға көңілі толмайтынын да жасырмады. Себебі өз салмағындағы спортшыларды сыйлайтынын, оларға білгенін үйрететінін ашып айтты. 

Соңымнан еріп келе жатқан екі бауырым бар. Бірі – Мағжан Шамшадин, екіншісі – Нұрқанат Серікбаев. Екеуі де әлемдік жарыстарда ысылып, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Оларға үнемі ағалық ақылымды айтып, әрбір жеңісіне балаша қуанамын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары үшеумізді үнемі қарсы қойып, бір-бірімізге жау көрсететіні бар. Шыны керек, менің басты қарсыластарым - шетелдік спортшылар. 60 келіде күресіп жүргеніме қаншама уақыт болды. Осы кезеңде қазақ балуандарын жеңіп жатсам, оған асып-тасып, қуанған емеспін. Ал әрбір жетістіктеріне тілеулеспін, - дейді Елдос. 

Айта кетейік, Елдос Сметов бастаған Қазақстан құрамасы 20-22 сәуір аралығында Гонконгта өтетін дзюдодан Азия біріншілігіне қатысады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Жарнама
Жарнама
Жарнама
Жарнама